Қызылды-жасыл, мына алма ғайып кезеңдерде бизнес-тренингтер мен семинарлар санында шек жоқ-ау шіркін! Кәсіптің қыр-сырын үйретіп, жеке дамуды меңгеруді көрсетіп жүрген коуч-тренерлер көп. Солардың ішінде басты құндылық жайында сөз қозғайтындары кемде кем.
Бүгін сіздермен байлықтың кілті жаныңда екендігі жөнінде біраз ой жүгіртеміз. Қазірде атаулы күндер көп, солардың бірі – «Халықаралық қарттар күні». Неге олай аталады? Өйткені, қазына болған қарияларымызға жылына бір рет көңіл бөлінсін деген ізгі ниет.
Ал, бізге бұл бір күн аздық етеді. Қарияларымызды ардақтау – біле білгенге нағыз қазынаның қойнауы.
Елдің есіл-дерті дүние болған мына қу заманда қарттарды құрметтеуді қолға алу ерлік болып тұр. Адам қанша қартайғанымен көңілі мен жүрегі қартаймақ емес. Айналамызда қарт кісіні көргенде қазына деп қарап, әжетін өтеп, Жаратқаннан сауап үміт етіп, барынша қолғабыс көрсетіп жіберсек риясыз разылық пен анық алғысқа бөленеріміз сөзсіз.
Ел даналығында құрметтесең, құрметтелесің деген тәмсіл бар. Шіркін, ертең біз қартайғанда айналамызда арқа сүйеу болар, батамызды алуға асық болған бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің құрақ ұшып жүгіріп жүруі үшін де бұл күндері біраз еңбек ету керек екен-ау!
Өз замандастарыма салар қолқам, айналамызда өзімізден үлкенді көріп, еңкейген қартты көзіміз шалса қарапайымдылықпен ізет көрсетіп, қажетін өтеп жүрер болсақ Мейірімді Алланың разылығына бөленуге керемет мүмкіндік деп білемін. Ардақты Елшіміз Мұхаммед пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Өзінің өнегелі хадисінде: «Жердегілерге мейірімділік танытпағандарға, көктегілер рақым етпейді» - деп, бізді көркем мәміледе болуымызды өсиет еткен. Міне, біз сол көркемдіктің үлгісі болған ардақты адамның үмбетіміз. Оған мақтанамыз және шүкір етеміз. Сол, шүкірлігімізді ізіміз арқылы бекітіп жүреміз.
Алла арамыздағы қарияларымызды аман етсін, дұғагөй ақсақалдарымыз бен баташыл аналарымызды елдің қазынасы етіп, арамызда мерейлі болуын жазсын. Қорыта айтарым - байылыққа кенелгіңіз келсе, аузында Алласы бар, сөзінде дұғасы бар қазыналы қарияларымызды жылдың бір күнінде емес, ғұмырымыздың әр сәтінде құрметтеп жүрейік.